Нархоз университеті Жаңалықтар. Қаби Оқаұлы Оқаев

Жаңалықтар

Жаңалықтар
26.12.2017

Қаби Оқаұлы Оқаев

өмірден өтті

2017 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қаби Оқаұлы Оқаев өмірден өтті. Бұл ғылыми қауымдастық үшін  де, университет үшін де  орны толмас ауыр қаза.

Қаби Оқаұлы өзінің ерекше еңбекқорлығы, терең білімі, айрықша ақыл-парасаты мен тамаша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында білім мен ғылымның ұшар шыңынан көріне білді.

Қазақстандағы алғашқы экономикалық жоғары оқу орны – Алматы халық шаруашылығы институтының (қазіргі Нархоз университетінің) негізін қалаушылардың бірі ретінде ол жиырма жылдан астам уақыт бойы АХШИ-дің жоспарлау экономикасы және есеп экономикасы факультеттерін басқарды. Отыз жыл бойына (1975-2005 жылдары) үздіксіз «Экономика» кафедрасының меңгерушісі болды.  

Ғылыми қауымдастық арасында Қаби Оқаұлы негізгі капитал, өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің дамуы, экономиканы басқарудың шаруашылықтық механизмі секілді өзекті мәселелерді терең зерттеуші ғалым ретінде танылды.

Қаби Оқаұлы белсенді өмірлік ұстанымы бар, ғылым мен білім беру жүйесіне елеулі еңбек сіңірген белгілі тұлға. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің оқу-әдістемелік бірлестігінің тұңғыш жетекшілерінің бірі, экономикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған іскерлік экономикалық ойындар әдістемесінің авторы, оны Қазақстанда алғашқы ұйымдастырушы және қолданысқа енгізуші, Қазақ энциклопедиясының экономика бойынша редакциялық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Ғылыми кадрларды аттестаттау жөніндегі департаментінің экономикалық ғылымдар бойынша эксперттік Кеңесінің төрағасы болды.

Оның жемісті жетекшілігінің нәтижесінде елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тұтас шоғыры қалыптасты, олар ұлттық  экономиканың дамуына зор үлес қосуда.

Нархоз университетінің ұжымы Қаби Оқаұлының отбасына, туған-туыстарына шынайы көңіл айтып, қайғысына ортақтасады.

Бөлісу:

Сондай-ақ оқыңыз